Ереже

«Астана қаласы
«Байқоңыр» ауданы әкімінің аппараты»
мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

  1. «Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – аппарат) Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының (бұдан әрі – «Байқоңыр» ауданы) аумағында мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
  2. Аппараттың ведомстволары жоқ.
  3. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  4. Аппарат мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
  5. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  6. Аппарат егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
  7. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің (бұдан әрі – аудан әкімі) өкімімен және шешімімен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
  8. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
  9. Аппараттың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, № 11.
  10. Аппараттың толық атауы – «Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі.
  11. Осы Ереже аппараттың құрылтай құжаты болып табылады.
  12. Аппараттың қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
  13. Аппаратқа кәсіпкерлік субъектілерімен аппараттың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер аппаратқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Аппараттың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

  1. Аппарат миссиясы: «Байқоңыр» ауданының аумағын дамыту мүдделері мен қажеттіліктерін үйлестіре отырып атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізу жөніндегі аудан әкімінің қызметін қамтамасыз ету.
  2. Міндеттері:

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, Астана қаласы әкімінің (бұдан әрі – қала әкімі) нормативтік құқықтық актілерімен және осы Ережемен белгіленген міндеттерді іске асыру:

1) азаматтар мен заңды тұлғалардың «Байқоңыр» ауданының аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауға жәрдемдесу;

2) «Астана қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесімен, Астана қаласының өкілді органы – Астана қаласының мәслихатымен (бұдан әрі – мәслихат), атқарушы органдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, кәсіпорындармен, ұйымдармен және астана тұрғындарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

3) қала әкімінің, аудан әкімінің актілері мен тапсырмаларын орындау, «Байқоңыр» ауданының аумағында орналасқан мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметтерін жетілдіру жөнінде қала әкіміне ұсыныстар енгізу;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да міндеттерді жүзеге асыру.

  1. Функциялары:

1) азаматтардың үндеулерін, өтініштерін, арыз-шағымдарын қарастыру және олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша шара қолдану;

2) бюджетке тиесілі салық және басқа да міндетті төлемдерді жинақтауға жәрдемдесу;

3) әкімшісі аппарат болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу және мәслихаттың бекітуі үшін Астана қаласының әкімдігіне енгізу;

4) азаматтардың және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін орындауға жәрдемдесу;

5) аппараттың құзыреті шегінде кәсіпкерлік қызметтің дамуына ықпал ету және жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;

6) аппараттың құзыреті шегінде әскери міндеттілік және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша, сондай-ақ азаматтық қорғаныс саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастыру;

8) тарихи және мәдени мұраны сақтау жұмыстарын ұйымдастыру;

9) әлеуметтік қорғалмаған азаматтарды анықтау, жоғары тұрған мемлекеттік органдарға жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жалғызбасты қарттарға және жұмысқа қабілетсіз азаматтарға үйлеріне барып қызмет көрсетуді ұйымдастыру;

10) «Байқоңыр» ауданы аумағындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу;

11) жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл;

12) жергілікті бюджетті бекіту (нақтылау) кезінде мәслихат сессиясының жұмысына қатысу;

13) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету;

14) аппараттың құзыреті шегінде сумен жабдықтау және су пайдалану мәселелерін реттеу;

15) «Байқоңыр» ауданының аумағында абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру;

16) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру;

17) Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі тарихи ескерткіштерді және мәдени мұраны тиісті бюджеттік бағдарламамен бекітілген қаражат шегінде ұстауды жүзеге асыру;

18) спорт мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуде қолдау және көмек көрсету, «Байқоңыр» ауданының аумағында бұқаралық демалу орындарында және азаматтардың тұрғылықты жерінде дене шынықтыру мен  спортты дамытуға жағдай жасау, сондай-ақ аппараттың дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;

19) өз құзыреті шегінде жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, нұсқаушы-спортшыларға және спорт төрешілеріне біліктілік санаттарын және спортшыларға спорттық разрядтар беру;

20) «Байқоңыр» ауданының аумағында мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға жәрдемдесу;

21) кәсіби емес медиаторлардың тізілімін жүргізу;

22) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да функцияларды жүзеге асыру.

  1. Құқықтары мен міндеттері:

1) соттарда талапкер және жауапкер болуға;

2) мемлекеттік органдардан, сондай-ақ басқа да ұйымдардан аппаратқа жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар, қорытындылар, анықтамалар мен басқа да ақпараттарды сұрату;

3) аппараттың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қала әкіміне ұсыныстарды енгізу;

4) аппараттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша «Байқоңыр» аудандағы мемлекеттік органдармен, әлеуметтік қызметтермен, кәсіпорындармен, ұйымдармен және шаруашылық субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау;

5) берілген құзыреті шегінде аудандық маңызы бар мәселелерді шешуді қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған міндеттерді орындау.

3. Аппараттың қызметін ұйымдастыру

  1. Аппаратқа басшылықты аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы әрекет жасауға дербес жауапты болатын аудан әкімі жүзеге асырады.
  2. Аудан әкімі Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіпте қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
  3. Аудан әкімінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
  4. Аудан әкімінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді:

1) мемлекеттік органдармен, түрлі меншік нысанындағы ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және азаматтармен азаматтық-құқықтық қарым-қатынас жасауға құқығы бар;

2) нормативтік-құқықтық сипаттағы шешімдер және әкімшілік-өкімдік, жедел және жеке сипаттағы мәселелер бойынша өкімдер шығарады;

3) аудан әкімінің өз құзыреті шегінде қабылдаған актілерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің бүкіл аумағында міндетті күші болады;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте аппаратта гендерлік тепе-теңдікті жүзеге асырады.

Аудан әкімі болмаған жағдайда, оның өкілеттігін орындау қала әкімі жүктеген аудан әкімі орынбасарларының бірі атқарады.

  1. Аудан әкімі өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.
  2. Аппаратты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басшы басқарады.

 4. Аппараттың мүлкі

  1. Аппараттың мүлкі мемлекеттік меншік болып табылады және оған жедел басқару құқығында тиесілі.

Аппараттың мүлкi оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

  1. Аппаратқа бекітілген мүлік Астана қаласының коммуналдық меншігіне жатады.
  2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, аппарат өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату

  1. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.