Жаңалықтар

28.06.2018

Астана Ұлттық домбыра күнің алғаш рет қалай атап өтеді?

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 маусымдағы №699 Жарлығымен жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні бекітілді. Аталмыш мереке жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде аталып өтілетін болады. Биыл бұл мереке 1 шілдеге келіп тұр.

Ұлттық домбыра күнінің құрметіне «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда халықтық серуен өтеді. Киіз үйлер тігіліп, қазақ ұлттық аспаптарының музейі ашылады. Әрине, бірінші орында домбыра болады. Музейде Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов және т.б. сынды ұлы тұлғалар, музыканттар ойнаған домбыралар көпшілік назарына ұсынылады. Домбыраның күмістей сыңғырлаған үні төгіліп тұратын мұндай ауқымды шара елордада бұрын-соңды болмаған», - деп атап өтті Болат Мажағұлов.

Бұдан басқа, киіз үйлердің ішінен қазақ халқының басқа да ұлттық аспаптарының түр-түрін көруге болады. Музыканттар халық шығармаларын орындайды, Ортеке өнерін көрсетеді. Қонақтар домбыра жасау барысымен таныса алады.

Еліміздің мыңдаған музыкант-домбырашысының қатысуымен өтетін «Домбыра – асыл мұра» концерті аталмыш мерекенің көркін келтірмек.

Көрермендер Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, «Арт Домбыра» триосы, МузАрт, сондай-ақ осында отырған Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айтқалы Жайымов, Айтжан Тоқтаған ағаларымыздың өнерін тамашалайды. Мұнымен қоса, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар Сазы» ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі сахна төріне шығады.

Қазіргі кезде Астанада Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге арналған концертке 2000-нан астам домбырашылар қатысады деп күтілуде.

Шараға қатысу үшін 1 шілде күні сағат 10.00-де «Жастар» Сарайы ғимаратының жанында қатысушылар үшін арнайы автобустар қойылады. Әр қатысушы тізімге тіркелуі қажет. Ол үшін келесі байланыс нөміріне хабарласу керек 55-73-79, тіркелу уақыты сағат 9.00- 18.00.  

Өзгерткен: 28.06.2018