Жаңалықтар

05.12.2019

Көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен жасөспірімдер үшін «Замандас» отбасылық аула клубы ашылды

2019 жылдың 5 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласының №49 орта мектебінің базасында көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен жасөспірімдер үшін «Замандас» отбасылық аула клубы ашылды. Клуб аясында жалпы алғанда 200-ден астам бала тегін қосымша біліммен қамтамасыз етіледі және бос уақытын тиімді өткізе алады.

Аталған клубта шахмат, хореография, футбол, хоккей, қоян қолтық күрес үйірмелері ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» клубы жұмыс істейді.

Ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар қорының бас директоры Әзбергенов Дияс Сержанұлы, Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» аудандық әкімінің орынбасары, «Замандас 21» ҚҚ төрайымы Алшинова Лаззат Елеубайқызы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» орталығының басшысы Еңсебай Ержан Серікболұлы, Халықаралық медиация және менеджмент мектебінің директоры Сайлаубай Әсел, әлем чемпиондары-мектеп түлектері, бокстан олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Ниязымбетов Әділбек және мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты.

Аталған «Ұлы елдің ұрпақтары» атты іс-шара оқушылардың қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, шеберлік сыныптары және «Qazaq star» өнерпаздар мен таланттар шеруімен ұласып, «Boxing sсhool» шағын бокс залы мен «Бақытты отбасы» медиациялық кабинетінің тұсауы кесілді.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар мен «Замандас 21» ҚҚ қолдауымен ашылатын үйірмелер мен секциялар аясы 2020 жылдан бастап кеңейтілмек.

Өзгерткен: 05.12.2019