Жаңалықтар

03.09.2019

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауы

Кешелі бері қызу талқыға салынып жатқан саяси тақырыптардың бастысы – ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» халыққа Жолдауы. 
Солай болуы да ғажап емес, өйткені, Жолдауда көптеген жағымды дүниелер аталған болатын. Барлығы әлеуметке бағытталған. Халыққа өзекті болып отырған мәселелердің барлығы ескерілген: зейнетақы аударымдары, микро және шағын бизнесті қолдау, жалақының көтерілуі, шаруаларды қолдау, білім беру сапасын жоғарылату, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бірыңғай мүмкіндіктер жасау, әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту, сот шешімдерінің сапасын жақсарту, биліктің халықпен нәтижелі кері байланысын құру және т.б. 
Бұл дегеніміз – біздің Президентіміз халықты толғандыратын барлық мәселелерден хабардар екенін білдіреді. Ал ең бастысы – оларды шешу мақсатында жұмыстар жүргізіліп, іс-әрекеттер Жоспары дайындалуда. 
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет».
Иә, біз аталмыш бағыт бойынша жұмысты бастап, жүргізіп жатырмыз. Біртіндеп, әрбір азамат мемлекет өміріне тікелей араласатын кезге келеміз. Бұл – заман талабы. 
Естеріңізге түсіріңізші, осыдан 5 жыл бұрын барлығы қалай болғанын...уақыт орнында тұрмайды. Қазір әрбір тұрғын жергілікті атқарушы органмен (маманмен, басшымен, орынбасармен, әкіммен) байланысып, туындаған мәселе жөнінде хабарлап, өтініш білдіріп және т.б. нәрселерді үйінен шықпай-ақ, виртуалды түрде жасай алады. Әлбетте, мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде барлығын қарастырып, ескеріп, азаматтардың жайлығы үшін орындауға тырысады. 
Сонымен қатар, Президент Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл жақсы нәтиже береді деп ойлаймын. Өйткені, билік пен халық арасындағы байланыс одан да бетер нығаятын болады. Халықтың қандай да бір мәселені шешуде қатысуы ниеті жоғарылайтыны анық. Өзінің мәселеге қатыстылығы мен жауапкершілігін сезіне бастайды. Өйткені ол ортақ жасалған іс болады. 
Өзімнің бұл жазбамды ҚР Президентінің Жолдаудағы айтқан сөзімен аяқтасам деп едім: «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі».

Асқар Есілов

Өзгерткен: 03.09.2019